
Солтүстік Қазақстан облысында жүздеген полиция қызметкері Жаңа жыл түнін қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінде өткізеді. Полиция жұмысының өзегінде жедел кезекші тұр. Бұл — тек ең тәжірибелі әрі кәсіби офицерлерге сеніп тапсырылатын аса жауапты лауазым.
31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні әріптестерімен бірге Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел кезекшісі қызметіне полиция подполковнигі Данияр Ельжасов кірісті. Ол облыстық полиция департаментінің кезекші бөлімінде 2023 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Мерекелік күндерді қызметте қарсы алу оған үйреншікті жағдай болғанымен, жедел кезекші ретінде Жаңа жыл түні кезекшілікке алғаш рет түсіп отыр.
«Мерекелік түнде жауапкершілік әлдеқайда жоғары, — дейді Данияр Ельжасов. — Көзге болмашы көрінетін кез келген оқиға да қатаң бақылауда болуы тиіс. Жаңа жыл түні күшейтілген қызмет режимі енгізіледі. Жұмыстың негізгі бағыттары — қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өрттердің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету. Полиция қызметкерлері мен басқа да шұғыл қызмет өкілдеріне тыныш кезекшілік тілеймін, ал бұл — солтүстікқазақстандықтар үшін бейбіт әрі қауіпсіз мереке деген сөз».