
Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов Пёстрое көлінде полицияның кешенді күштеріне арналған гарнизондық саптық жиын өткізді. Іс-шараға патрульдік полиция қызметкерлері, жедел қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері, қоғамдық тәртіпті соңғы күндері қамтамасыз ететін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері мен облыстық полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Жеке құрамға жедел жағдай жеткізіліп, бағдарлар оқылды, жоғары сақтық режимінде қызмет атқару тапсырылды. Полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов мерекелік кезеңде қызмет атқаруға дайындық деңгейін тексерді. Ол қызметкерлердің іс-қимылдары азаматтардың өтініштері мен шақыруларына уақтылы әрекет етуге тікелей әсер ететінін атап өтті. «Қала тұрғындары өздерінің тыныштығы қылмыстық қол сұғушылықтардан сенімді қорғалғанына көз жеткізуі тиіс», — деді ол.
Жалпы облыс бойынша мереке күндері қоғамдық тәртіпті 500-ден астам полиция қызметкері қамтамасыз етеді, олардың 200-ден астамы Петропавл қаласында қызмет атқарады. Сонымен қатар мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда құқықтық тәртіпті сақтау үшін қосымша күштер тартылатын болады.
Саптық жиын соңында полиция қызметкерлері салтанатты шерумен өтіп, қызмет атқаратын орындарына тарқасты. Жаңа жыл мерекесінде полиция қызметкерлері өзге де шұғыл қызмет өкілдерімен бірге күшейтілген жұмыс режимінде қызмет атқарып, облыс тұрғындары мен қонақтарының мерекені тыныш әрі қауіпсіз қарсы алуына жағдай жасайды.