СҚО-да полиция 6 мыңға жуық әлеуетті қауіпті фейерверкті тәркіледі

СҚО-да полиция 6 мыңға жуық әлеуетті қауіпті фейерверкті тәркіледі

20 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында Солтүстік Қазақстан облысында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының екінші кезеңі өтуде. Өңір бойынша полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп құрылған 14 мобильді топтың құрамында базарлар мен фейерверк пен петарда сатылатын бейберекет сауда орындарын тексеруде.

Тәртіп сақшылары заңсыз сатылатын пиротехникалық бұйымдардың қауіпті екенін ескертеді: олардың сапасына ешкім кепілдік бермейді, сақтау талаптары сақталмауы мүмкін, ал бұл өз кезегінде адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

5 желтоқсанда басталған іс-шараның алғашқы кезеңінен бері полиция пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату бойынша 31 фактіні анықтады, оның 15-і Петропавл қаласында тіркелген. Заңсыз айналымнан барлығы 5 789 бірлік пиротехника тәркіленді.

Сондай-ақ полиция солтүстікқазақстандықтарды пиротехникалық бұйымдардың балалардың қолына түсуіне жол бермеуге шақырады. Пиротехниканы қолдану кезінде нұсқаулық талаптарын қатаң сақтап, қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындау қажет.