
Солға бұрылған кезде асығыстық таныту, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтуге әрекет жасау — қиылыстардан өту ережелерін бұзу ауыр салдарға әкелуде. Әкімшілік полицияның деректеріне сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 11 айда 542 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның 243-і — көшелер қиылысында орын алған. Аталған жол апаттары салдарынан 5 адам қаза тауып, 310 адам түрлі деңгейде жарақат алған.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі — жүргізушілер тәртібінің төмендігі. Әрбір 10 жол апатының 9-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Апаттылықты төмендету — бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осыған байланысты өңір полицейлері облыстық прокуратураның бастамасымен, әкімдіктің қолдауымен өткен «Қауіпсіз жол» акциясына қатысты.
Акцияға қадағалау органы қызметкерлері, патрульдік полиция және еріктілер тартылды. Олар жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертулер мен ұсыныстар жазылған брошюралар таратты. Негізгі талаптар — қиылыстарда және маневр жасау кезінде барынша мұқият болу, жылдамдықты асырмау және көлік басқару барысында ұялы телефон қолданудан бас тарту. Жүргізушінің алаңдауы — жол апаттарының басты факторларының бірі. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.