
Петропавл қаласындағы мектептердің «Жас сақшы» сыныптарында оқитын оқушылар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіне шақырылды. Олар полиция ғимаратының табалдырығын алғаш рет аттап отырған жоқ. Алайда бұл жолғы мақсат – танымдық экскурсия да, профилактикалық іс-шара да емес. Құқық тәртібін сақтаушылар формалы ұл-қыздарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
Желтоқсан айының соңына қарай өңірде «Жас сақшы» бағытындағы төрт сынып құрылған. Оқушылар заңнаманы меңгеріп, жаттығулар өткізеді, полиция қызметінің түрлі қырларымен танысады. «Сіздер бүгіннің өзінде заңға құрметпен қарап, белсенді азаматтық ұстаным мен патриотизм танытып, құрдастарыңызға үлгі бола алатыныңызды дәлелдеп келесіздер», – деді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.
Жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысқаны үшін «полицейлік сыныптары» бар мектептердің директорлары мен олардың орынбасарлары алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал оқушыларды тәтті сыйлықтар мен музыкалық тосынсый күтіп тұрды: СҚО ПД Мәдениет орталығының вокалдық тобы «Атамекен» әнін орындады.
«Жас сақшы» полицейлік сыныптары – бұл құқық қорғау органдарына кадрларды мектеп қабырғасынан бастап даярлау. Сонымен қатар, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын қалыптастыруға қосылған елеулі үлес. «Сіздер – еліміздің болашағысыздар, Қазақстанның ертеңі сіздердің таңдауларыңызға байланысты», – деп түйіндеді полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов.