
Интернет-алаяқтықтың басым бөлігі алаяқтардың адамдардың құпия деректерін қолға түсіруінен басталады. Көбіне бұл үшін фишинг деп аталатын әдістер қолданылады — пайдаланушының құрылғысына зиянды вирус енгізуге мүмкіндік беретін айла-тәсілдер жиынтығы.
«Тартымды» сілтемелер, .pdf форматындағы құттықтау ашықхаттар, «Мынау сен емес пе?» деген жазуы бар .apk файлдар — алаяқтардың қолданатын тәсілдері аз емес. Мұндай сілтемелерге абайсызда өту арқылы қаскөйлерге банк шоттарына қол жеткізуге немесе жеке деректерді иемденуге жол ашылуы мүмкін.
Фишингтік сілтемелерді мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері ашқан жағдайда қауіп тіпті күшейе түседі. Мәселен, Петропавл қаласында бір әйелге өзі алдын ала жазылған емханадан қоңырау шалып, SMS арқылы келген «кезек нөмірін» айтуын сұраған. Одан кейін «банктен қоңырау шалу» схемасы іске қосылған: жәбірленушіге алаяқтарға қол жеткізу кодын айтып қойғаны хабарланып, жинаған қаражатын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет екені айтылған. Нәтижесінде қала тұрғыны 1,2 миллион теңгесінен айырылды.
Тағы бір жағдайда вирус Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінің директорының ұялы телефонына енген. Алаяқтар оның WhatsApp-тағы профилін көшіріп, байланыс тізімін пайдалана отырып, педагогикалық ұжымға мынадай хабарлама таратқан: «Бұл — менің жаңа нөмірім. Мектеп қажетіне шұғыл ақша керек. Қолдарыңыздан келгенше тез жіберіңіздер, кейін бәрін түсіндіремін». Директордың адалдығымен, беделімен танылғанын ескерсек, бұл әрекет елеулі материалдық шығынға әкелуі мүмкін еді. Алайда хабарлама бүкіл ұжым директордың өзімен жиналыста отырған сәтте жіберілгендіктен, алаяқтық бірден әшкереленді.
Полиция қызметкерлері ескертеді: күмәнді сілтемелерге өтпеңіздер, шығу тегі сенімді екеніне толық көз жеткізбесеңіздер, файлдарды жүктеп ашпаңыздар. Ақша жіберу туралы өтініш алған жағдайда, міндетті түрде адаммен тікелей байланысып, хабарламаны шынымен сол адамның өзі жолдағанына көз жеткізу қажет.