
«Міндет. Ерлік. Абырой» — Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұраны. Осы ұғымдардың тарихи тамыры жайлы өз ойларымен Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Бауыржан Момышұлына арналған эссе байқауына қатысу арқылы бөлісті. Байқау қазақ халқының даңқты перзентінің 115 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Ержүрек жауынгер, парасатты қолбасшы, көрнекті жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқастың ең ауыр кезеңінде есімін мәңгілікке тарихқа жазды. Бүгінгі күнге дейін ол иығына погон таққан барша азамат үшін үлгі болып келеді.
Байқауға учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, тергеушілер және басқа да бөлімшелердің қызметкерлері — барлығы 30 полицей қатысты. Құзыретті қазылар алқасы алты үздік жұмысты анықтады. Авторлар материалды терең зерделей отырып, Момышұлының жеке және офицерлік қасиеттеріне — ерекше адалдығына, қарамағындағы қызметкерлермен қарым-қатынастағы әдептілігіне деген құрметін көрсетті. Мұндай жұмыс ұжымда моральдық бағдар қалыптастыруға ықпал етіп, қызметтік этика мен дәстүрлерді нығайтуға бағытталған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізілуде.
Байқау нәтижелері батырдың туған күнінде СҚО ПД-де өткен әдеби кеште қорытындыланды. Қатысушылардың бір бөлігі шараға бейнебайланыс арқылы қосылды. Үшінші орынды Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкері Юлия Волошина мен Шал ақын ауданының полицейі Айдар Абылмажинов өзара бөлісті. Екінші орынға Тимирязев ауданының өкілі Виктория Кириченко мен СҚО ПД аппаратының қызметкері Дидар Баграмов ие болды. Ал үздік деп Уәлиханов және Айыртау аудандарының полиция бөлімдерінде қызмет атқаратын Дилара Қажкенова мен Жұлдыз Нәжікенованың еңбектері танылды.
СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыстады. Бірқатар қатысушыларға алғыс хаттар беріліп, қалғандарына алғыс жарияланды.