Дрондармен де, жаяу да: СҚО-да жоғалған 45 жылқыны полицейлер тауып берді

Дрондармен де, жаяу да: СҚО-да жоғалған 45 жылқыны полицейлер тауып берді

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында табыншы 45 жылқының жоғалуына байланысты полицияға жүгінді. Оның айтуынша, бірнеше күн бойы иелерімен бірге іздеу жүргізілгенімен, осы уақытқа дейін тек үш мал ғана табылған.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 5 іздестіру тобын құрды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қатар топ құрамына орман шаруашылығының жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар да кірді. Жылу бейнелеуіштері бар екі дрон пайдаланылып, іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты.

Іздестіру жұмыстары 5 күнге созылып, шамамен 30 шақырым аумақты қамтыды. Ұшқышсыз ұшу аппараттары өз тиімділігін көрсетті: олардың көмегімен жылқы үйірлері анықталып, табылған орындарға іздестіру топтары жіберілді.

Орманды алқаптар мен батпақты жерлер — күрделі жер бедері іздеу жұмыстарын қиындатты. Соған қарамастан, форма киген жандар мен олардың көмекшілерінің еңбегі нәтижелі болып, барлық жоғалған жылқылар табылып, иелеріне қайтарылды.

Табыншы малды еркін жайып жіберуге жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер мұндай жағдайлар мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі екенін еске салады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полицейлер үй жануарлары мен ет өнімдерін сату және тасымалдау кезінде ветеринариялық талаптардың сақталуын, сою орындарын, сондай-ақ жайылым аймақтарын тексеруде.

Жыл басынан бері СҚО-да полиция қызметкерлері жайылым ережелерін бұзғаны үшін 2916 хаттама толтырды. Қараусыз жүрген мал — қылмыскерлер үшін оңай олжа ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін қауіп. Мал жоғалған жағдайда іздестіру шаралары көп ресурс талап етеді. Полицейлер ауыл тұрғындарын заңнама талаптарын қатаң сақтауға және қараусыз малдың пайда болуына жол бермеуге шақырады.