
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мен әкімдік өкілдері журналистер және қоғам белсенділерімен бірлесіп Петропавл қаласындағы жаңа жылдық шыршалар сатылатын орындарға рейд жүргізді. Іс-шараның мақсаты — қоғамдық тәртіптің сақталуын және заңнама талаптарының орындалуын бақылау.
Облыс орталығындағы шырша сататын нүктелер тексерілді. Барлық сатушылардың рұқсат құжаттары талапқа сай болғанымен, Украинская және Н. Назарбаев көшелерінде екі азамат белгіленбеген жерде сауда жасау талабын бұзған. Айта кету керек, бұл тыйым тек шырша саудасына ғана қатысты емес: жыл басынан бері осындай құқық бұзушылыққа 1200-ден астам адам жол берген, олардың 52-сі айыппұлға тартылып, қалғандарына ескерту жасалған.
«"Шырша" жедел-профилактикалық іс-шарасы 15 желтоқсанда басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады», — деп атап өтті рейдті жеке өзі басқарған Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Жұмалиев.
Сауда нүктелерін тексерумен қатар, орман алқаптарында және елді мекендер аумағында да рейдтер жүргізілуде. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — өңірдің орман қорын заңсыз кесуден қорғау.