СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күнін жарыстармен қарсы алды

СҚО-да полицейлер Тәуелсіздік күнін жарыстармен қарсы алды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Тәуелсіздік күнін кәсіби шеберлікті талап ететін жарыстармен атап өтті.

Полицейлік эстафета — әлсіздерге арналған сынақ емес. Бронежилетпен жүгіру, оқ-дәрі жәшігін көтеру, шартты жараланғанды иыққа салып алып өту, газтұмылдырықтағы жаттығулар — мұның бәрі қатысушылардан күш, төзімділік және өзгермелі жағдайда бағдарлана білу қабілетін талап етті. Алайда ең бастысы — командалық рух: өзара қолдау ғана жеңіске жеткізетін секундтарды ұтып алуға мүмкіндік береді.

Эстафетаны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа қалалық және аудандық бөлімшелерден 28 жас полицей қатысты. Олардың әрқайсысының ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі үш жылдан аспайды.

Жүгіру мен қосымша салмақпен орындалатын жаттығулардан бөлек, қатысушылар Макаров тапаншасы мен Калашников автоматын бөлшектеп-жинау, сондай-ақ қарудың тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша сұрақтарға жауап беру тапсырмаларын орындады.

Эстафетадан кейін полиция ведомствосының психологтары қызметкерлермен арнайы сабақ өткізді. Оның мақсаты — ұжымда жұмыс істеу дағдыларын нығайту.

«Заң мен Тәртіп» қағидаттарын қорғауға дайындығын ең жоғары деңгейде Қызылжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көрсетті. Екінші орынды Петропавл қалалық полиция басқармасының командасы иеленсе, құрметті үшінші орын Шал ақын ауданының полицейлеріне бұйырды. Кәсіби дағдыларды тексеруге бағытталған бұл эстафета алғаш рет Тәуелсіздік күніне орай өткізілді. СҚО полиция департаменті мұндай жарыстарды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.