
Қараша айында петропавлдық жедел уәкілдер Астана қаласының 25 жастағы тұрғынын 105 грамм синтетикалық есірткімен ұстаған еді. Мұндай жағдайда заң үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қарастырады. Алайда, тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті тиісті сабақ алмай, қылмыстық әрекетін жалғастырған.
7 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері іссапармен елордаға барған кезде, ІІМ әріптестерімен бірлесіп, оны қайтадан ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында 207 грамм мефедрон тәркіленді.
Бұл жолы күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Аса ірі мөлшерде есірткі сату фактілері қайталанған жағдайда оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Есірткі таратуға қарсы күрес – «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында полиция жұмысының басым бағыттарының бірі. Биыл СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 5,7 кг синтетикалық есірткі затын алып шықты.