
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-дүкен арқылы есірткі сатуды ұйымдастырды деген күдікпен 26 жастағы петропавлдықты ұстады. Күдіктіден 64 капсула гашиш майы тәркіленді. Тінту кезінде оның тұрғылықты жерінен тағы 91 капсула, шприц және осыған ұқсас есірткі заты бар пластик бөтелке алынды. Тәркіленгеннің жалпы салмағы 516 граммды құрады.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың психотроптық препараттарды өткізу арнасын ұйымдастыруға қатысы тексеріліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ол ірі көлемдегі тыйым салынған заттарды қабылдап, «жасырын орындарға» қалдырып қана қоймай, Қазақстанның бірнеше қаласында есірткі таратуды үйлестірген «құраушы» болған. Күдіктіге 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қарастырылған.
Жыл басынан СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 771 килограмнан астам түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 5,7 килограмм синтетикалық есірткі тәркілеген.