
Көкшетау қаласының тұрғыны қиын жағдайға тап болған сәтте қол ұшын созған патрульдік полицейлерге және жолда өткен жүргізушілерге шынайы алғысын білдірді. Ақжар ауданынан үйіне қайтып келе жатқанда ол жолдың бұзылған бөлігінен өтіп, көлігінің дөңгелек дискін зақымдаған. Авариялық шамдарын жаққанымен және трассадағы қарқынға қарамастан, көптеген жүргізушілер тоқтамай өтіп кеткен.
Тек «Audi» автокөлігін тізгіндеген бір жас жігіт жағдайды білу үшін тоқтағанымен, қажетті құралдары болмаған. Нақтылы көмекті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – Ратбек Қисамединов пен Ілияс Қайыргелді, сондай-ақ «КамАЗ» жүргізушісі көрсетті. Көкшетау тұрғыны оның есімін білмесе де, мемлекеттік нөміріндегі «751» цифрларын есте сақтап қалған.
Олардың көмегінің арқасында ер адам жолын жалғастыруға мүмкіндік алды. Ол өз проблемасына бейжай қарамаған барлық азаматтарға алғысын жеткізді.
Полицейлер, өз кезегінде, жүргізушілерді қала сыртындағы автожолдарда барынша сақ болуға, көлік құралдарының техникалық жай-күйін бақылап отыруға, қажетті құралдарды өзімен бірге алып жүруге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары қиын жағдайға тап болуы мүмкін тасталған көліктер немесе жүргізушілер туралы «102» нөміріне хабар беру қажеттігін ескертеді.