СҚО-да полицейлер шефтігіндегі 60-тан астам оқушы болашақ офицер болуға дайындалып жүр

СҚО-да полицейлер шефтігіндегі 60-тан астам оқушы болашақ офицер болуға дайындалып жүр

Петропавл қаласындағы №29 жалпы білім беретін мектепте «Жас сақшы» полицейлік бағыттағы жаңа сынып ашылды. Жаңа шағын ауданы – «Береке» – қарқынды дамып жатқан аумақта орналасқан бұл білім ордасы «полицейлік» сыныптар құру жөніндегі ҚР ІІМ бастамасына қосылған өңірдегі төртінші оқу орны болды. Еске салайық, бұған дейін Петропавл қаласының екі мектебінде және Шал ақын ауданындағы Сергеевка ауылында орналасқан академик Е. Бөкетов атындағы мектеп-гимназияда бір «полиция сыныбы» ашылған болатын.

Енді №29 мектептің 15 оқушысы – 8 ұл және 7 қыз – жалпы білім беру бағдарламасымен қатар, ІІМ жоғары оқу орындарына түсуге бағытталған дайындықтан өтеді. Олар полицияның қызметтегі мамандарынан: жедел уәкілдерден, криминалистерден, әкімшілік полиция инспекторларынан дәріс алады. Сондай-ақ оқушыларға дене даярлығы, оның ішінде өзін-өзі қорғау сабақтары да жүргізіледі.

Сыныптың ашылуына СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты. Шараға педагогтар мен оқушылар, сондай-ақ ведомство ардагерлері келіп, болашақ «Жас сақшымен» сабақтарда да, полиция өткізетін түрлі іс-шараларда да кездесіп тұратындарын атап өтті.

Іс-шараға СҚО ПД Мәдениет орталығының вокалдық тобы өздерінің жүрекжарды орындауларымен ерекше сән берді.

«Жас сақшы» сыныптары «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ашылуда. Бұл бастама — тек полицияның болашағына салынған инвестиция ғана емес, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды бөлігі.