
Солтүстік Қазақстан облысында 7 қарашада жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
ОПМ-нің алғашқы күні-ақ полиция қызметкерлері бірқатар өрескел құқық бұзушылықтарды анықтады. Таңғы сағат бестің шамасында «Челябі – Новосібір» тас жолында, Мамлютка кентінің маңында Toyota Alphard көлігі тоқтатылды. Медициналық сараптама нәтижесінде 34 жастағы жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұл бап 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыруды көздейді. Көлік арнайы тұраққа қойылды.
Сол күні Петропавл қаласында Жамбыл көшесінде Toyota Corolla автокөлігінің жүргізушісі жолаушыларды такси режимінде, яғни қызметін бастау туралы міндетті хабарламасыз тасымалдағаны анықталды. 35 жастағы азамат ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, ірі мөлшерде айыппұл салынды.
СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша, «Тасымалдаушы» іс-шарасының алғашқы тәулігінде облыс жолдарында 115 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде: мас күйінде көлік жүргізудің 1 дерегі, заңсыз жолаушы тасымалының 6 фактісі, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 4 фактісі, техникалық байқаудан өтпеген 19 көлік, сондай-ақ телефонмен сөйлесу бойынша 26 және қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша 42 құқық бұзушылық анықталған.
Жедел-профилактикалық іс-шара 9 қарашаға дейін жалғасады.