
Петропавл қаласында құқық қорғау органдары «Заң және тәртіп: сенің таңдауың – сенің тағдырың» атты кең көлемді профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп оқушылары мен колледж студенттерін интернет пен әлеуметтік желілер арқылы қылмыстық схемаларға тартудың қауіптілігі жөнінде ескерту болды.
Шараға қалалық Оқушылар сарайында шамамен 300 жас қатысты. Көрермендер алдында полиция департаменті мен қылмыстық-атқару жүйесінің басшылары, қоғам қайраткерлері, спортшылар және ұстаздар сөз сөйледі. Қатысушыларға «Закладчики. Расплата» атты деректі фильмнен үзінділер көрсетілді. Сонымен қатар түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен тікелей бейнебайланыс ұйымдастырылды. Бұл кездесу жастарға ерекше әсер қалдырды.
Полиция өкілдері жасөспірімдер жиі тартылатын екі негізгі құқықбұзушылық түріне назар аударды: дропперлік (басқалардың ақшасын шешіп алу үшін банк картасын пайдалану) және есірткі сату.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция полковнигі Асқар Мұхаметқалиев атап өтті:
«Бүгінгі алаяқтық – бұл тек “Ало, мама, мен қиын жағдайдамын” деген қоңырау емес. Қазір алаяқтық – Telegram чаты, Instagram жарнамасы немесе “қосымша табыс табайық” деп ұсынған бейтаныс адам. Егер бала өзінің картасын немесе оған қолжетімділікті басқаға берсе – ол да қылмыстық схемаға қатысушы болып саналады. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Өкінішке қарай, соңғы уақытта ересектердің ықпалымен қылмысқа тартылған жасөспірімдер жиі ұсталып жатыр. Біздің мақсат – қорқыту емес, заңды білмеудің қандай ауыр салдары болатынын ашық көрсету. Қылмыскерлер – психолог, олар сенімге кіреді, манипуляция жасайды, жеке қиындықтарды пайдаланады».
ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Үмбетов өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы есірткі таратумен байланысты қауіптерге тоқталды:
«Қазір интернет арқылы есірткіні таратумен айналысуға тарту жиілеп кетті. “Жеңіл табыс”, “тауарды жеткіз”, “қойма жаса”, “суретке түсіріп жібер” деген сияқты ұсыныстардың бәрі – есірткі сату әрекеті. Мұндай қылмыс үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл – сіздердің қазіргі жастарыңыздан да көп мерзім. Қылмыскерлер жастарды сенгіш және сақтығы аз деп ойлап, өз мүддесіне пайдаланады. Біздің міндет – сіздердің ешқайсыңыздың олардың құрбаны болмауы».
Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы ұйымдастырған іс-шарада полицияның рөлі – қорқыту емес, нақты және ашық ақпарат беру, сондай-ақ қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайту болды.