
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мұражайы 36 жылдығын атап өтуде. Өңірдегі ішкі істер органдарының тарихын дәріптейтін бұл басты галерея дәстүрлі түрде мерейтойын танымдық әрі рухани мазмұнда өткізді.
Мұражайдың қамқор жетекшілері Любовь Осинская мен Нина Бенграф №1 Айтхожин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушыларын және қызметтік-іздестіру иттерімен келген полиция кинологтарын шақырып, мазмұнды бағдарлама ұйымдастырды. Балалармен кинологиялық қызмет орталығының бастығы, полиция майоры Самат Төлебаев, облыстың тәжірибелі кинологы Евгений Сичков және бір мезгілде үш қызметтік итпен табысты жұмыс істейтін Татьяна Васичкина кездесті. Сондай-ақ полиция ардагері Ақан Сыздықов өз естеліктерімен бөлісті.
Кинологтар иттерді үйрету тәсілдері мен олардың қылмыстарды ашудағы рөлін түсіндірді. Мұражай залында көрсетілім өтті: оқушылар жарылғыш зат иісінің имитаторын жасырды, ал неміс овчаркасы Гера оны көпшіліктің көз алдында тез тауып, шеберлігін көрсетті.
СҚО ПД мұражайы – ІІМ жүйесіндегі үздіктердің бірі. Төрт залда 5 мыңнан астам бірегей экспонат бар: құжаттар, киім үлгілері, қызметкерлердің жеке заттары. Ерекше құндылық – 100-ден астам атыс, жарақат салатын және газ қару түрлерінен тұратын жинақ. Әрбір экспонат – құқық қорғау органдарының қалыптасу мен даму тарихының, қылмыспен күрестегі ерлік пен төзімділіктің айғағы.
Мұражай жас ұрпақты «Заң мен Тәртіп» рухында тәрбиелеуге үлес қосып, полицияның рухани құндылықтары мен дәстүрлерін сақтап, кейінгі буынға жеткізіп келеді. Мұнда тұрақты түрде экскурсиялар, дәрістер мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. 36 жыл ішінде мұражай 50 мыңнан астам келушіні қабылдаған. Ол полиция қызметінің басты қағидаттары – адалдық, батылдық, әділдік пен жанқиярлықты насихаттай отырып, оң бейнесін қалыптастырып келеді.
Кездесу дәстүрлі туған күндік тортпен шай ішу рәсіміне ұласты.