Нағыз киберпатрульдер: СҚО-да полицейлер зияткерлік викторинаның жеңімпаздарын анықтады

Нағыз киберпатрульдер: СҚО-да полицейлер зияткерлік викторинаның жеңімпаздарын анықтады

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жастар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын креативті форматта жүргізіп келеді. Пайдалы ақпаратты бекіту мақсатында олар қатысушылардың белсенділігін арттыратын іс-шаралар ұйымдастырады. Осындай шаралардың бірі – Петропавл қаласындағы Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде өткен спорттық мереке. Оған қаладағы жеті оқу орнының командалары қатысты.

Шара спортшылардың – каратистердің, боксшылардың және акробаттардың – шеберлік көрсетілімдерімен басталды. Одан кейін интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық туралы сұрақтарға жауап беру және спорттық тапсырмаларды орындау элементтері біріктірілген зияткерлік эстафета өтті.

Ал Г.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында полицейлер Экономикалық тергеулер департаментімен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп викторина ұйымдастырды. Бірінші орынды «Stop drop» командасы — қызмет көрсету және кәсіби-педагогикалық колледждердің құрама тобы иеленді.

Команда атауына сай жоғары дайындық көрсетті: дропперлік, өз шоттарын алаяқтық мақсатта пайдалануға берудің қылмыстық жауапкершілігі және кең таралған интернет-алаяқтық схемалары туралы сұрақтарға нақты жауап берді. Сондай-ақ әкімшілік заңнама мен буллинг, соның ішінде кибербуллинг қаупі жөніндегі білімдерін де көрсетті.

«Stop drop» командасының мүшелері жеңімпаз куәліктерімен және «Киберпатруль» төсбелгілерімен марапатталды. Әрқайсысы өз туыстары мен достарын интернеттегі алаяқтық әрекеттерден қорғауға дайын екенін дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар жасөспірімдер мен жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, «Заң және Тәртіп» жобасы аясында өткізіледі.