Есірткі таратушыға қатысты көрсетілім сотын полицейлер мен прокурорлар ұйымдастырды

Есірткі таратушыға қатысты көрсетілім сотын полицейлер мен прокурорлар ұйымдастырды

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Смирново кентінде полицейлер мен прокурорлар «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жастар мен пробациялық бақылауда тұрған жергілікті тұрғындарға арналған көрсетілім сот отырысын өткізді.

Айыпталушы орнында – қосымша табыс табуды көздеп, синтетикалық есірткіні таратқан 29 жастағы ер адам.

Полицейлер оны маусым айында «спайс» есірткі затының бір дозасын сату кезінде қылмыс үстінде ұстаған. 6 қарашада сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және алкоголизмнен мәжбүрлеп емделу жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот отырысынан кейін судьялар, прокурорлар және полицейлер жастармен дөңгелек үстел өткізіп, заңсыз әрекеттердің салдары мен жауапкершілігі туралы түсіндірді.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Петр Климов жастарды «жеңіл табыс» иллюзиясына берілмеуге шақырды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі «жоғары жалақы» немесе «қауіпсіз жұмыс» уәделерінің артында есірткі таратушылардың не интернет-алаяқтардың тұзағы болуы мүмкін екенін ескертті. Олар дропперлерді – өз банк шоттарын алаяқтық жолмен алынған қаражатты аудару үшін пайдалануға келісетін адамдарды – үнемі іздейді. Мұндай әрекеттердің соңы – сот залы мен «Қазақстан Республикасы атынан…» деген сөздермен басталатын үкімнің жариялануы.