
Есепшоттардан бастап маркетплейстерге дейін — Петропавл киберполициясының офицері азаматтарды интернет алаяқтарының құрбаны болудан қорғап жүр.
Киберқылмыс — қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл қауіптен ешкім де толық сақтанған емес. Мұндай жоғары технологиялы құқықбұзушылықпен күрес арнайы полиция бөлімшелерінің міндетіне кіреді. Бұл қызмет аса жауапты әрі күрделі: қызметкерлерден толықтай берілгендікті, талдау қабілетін, үнемі өзін-өзі жетілдіруді және жоғары төзімділікті талап етеді. Солтүстік Қазақстан облысының ең ірі құрылымы — Петропавл қалалық полиция басқармасында ерлермен қатар аға лейтенант Әйгерім Әшкен де абыроймен қызмет атқарып жүр.
Әйгерім Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша 2021 жылы тәмамдаған. 2023 жылдың қаңтарында ішкі істер органдарына қызметке орналасып, алғашында мүліктік қылмыстарды ашу жөніндегі жедел уәкіл болып істеген. Сол жылдың қыркүйегінде ол криминалдық полицияның «К» тобына ауысты, ал 2025 жылдың қаңтарында бұл топ қайта ұйымдастырылып, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобы болып құрылды.
Киберпол саласындағы қызмет — өте қарқынды және өзгермелі. Классикалық жедел жұмыстан айырмашылығы, интернет-алаяқтарды әшкерелеу бірнеше кезеңнен тұрады, айтарлықтай уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Технологиялар күн сайын дамып келеді, жасанды интеллект негізіндегі құралдар жетілдірілуде, жаңа әлеуметтік желілер пайда болуда, ал алаяқтардың схемалары барған сайын күрделеніп барады. Әйгерімнің айтуынша, мұндай жағдайда маман үнемі жаңалықтан қалыс қалмай, жаңа алгоритмдерді тез әрі нақты меңгеруі тиіс.
Жедел уәкілдердің басты міндеті — тек қана тергеу іс-шараларын жүргізу емес, сонымен қатар азаматтардың қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені ақша мәселесінде әрбір секунд шешуші мәнге ие: кейде алаяқтар қаражатты бірден емес, бірнеше кезеңмен шешіп алады, ал транзакциялар жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін де жалғасуы мүмкін.
Әйгерім Әшкен петропавлдықтар жиі ұшырасатын қауіп түрлерін атап өтті: жалған қызметтерден келетін қоңыраулар, «фейк-доставка», мемлекеттік органдар атынан жазылған хаттар мен хабарламалар. Қазір алаяқтар коммуналдық есептеу құралдарын «ауыстыру» сылтауымен SMS арқылы құпия кодтарды алдап сұрау әдісін белсенді қолдануда. Әлеуметтік желілердегі алаяқтықтар да азаймай тұр. Бұрын көбінесе орта жастағы азаматтар зардап шегетін болса, бүгінде 23–25 жас аралығындағы жастар да шетелдік маркетплейстерде өз деректерін жариялап, алаяқтардың құрбанына айналуда.
Қазір Әйгерім профилактика жұмысына баса назар аударып келеді. Түсіндіру жұмыстары әртүрлі форматта өтеді: жадынама тарату, жеке әңгімелесу, еңбек ұжымдарымен кездесулер, әлеуметтік желілерге бейнероликтер түсіру. Киберполицияда қызмет етуді армандайтын жастарға аға лейтенант табандылық пен сабыр, оптимизм және мақсатқа жету ерік-жігерін сақтауды, сондай-ақ денсаулық пен рухты күтіп ұстауды тілейді.