СҚО-да алғаш рет «Жас сақшы» сыныптары арасында эстафета өтті

СҚО-да алғаш рет «Жас сақшы» сыныптары арасында эстафета өтті

Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет үш мектепте ашылған «Жас сақшы» сыныптарының барлығы бірлескен спорттық шараға қатысты. Облыстық полиция департаментінің спорттық және дене шынықтыру қоғамы «Динамо» спорт кешенінің базасында тәртіп сақшылары оқушылар үшін көңілді эстафета ұйымдастырды. Жарыс басталар алдында Полиция департаментінің мәдениет орталығының артистері қатысушыларға патриоттық ән орындады.

Әр сыныптан 20 оқушыдан құралған командалар сынға түсті. Қызықты жарыс жасөспірімдердің спорттық рухын көтеріп, ұжымдық бірлігін нығайтты әрі оқушылардың дене дайындығын жетілдіруге мүмкіндік берді. «Жас сақшы» сыныптарында дене тәрбиесіне ерекше мән беріледі, себебі бұл оқушылардың көбі болашақта полиция офицері болуды армандайды.

Жарыс нәтижесінде бірінші орынды IT-мектеп-лицейінің (М.Жұмабаев атындағы) командасы иеленді. Екінші орын үшін күресте №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің «Жас сақшы» сыныбы жеңіске жетті. Үшінші орын Шал ақын ауданы Сергеевка ауылындағы академик Е. Бөкетов атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларына бұйырды.

Барлық қатысушылар назардан тыс қалған жоқ — полиция қызметкерлері оларға кубоктар мен грамоталар табыстады. Шарадан кейін оқушылар спорттық киімдерін жас сақшылардың формасына ауыстырып, СҚО Полиция департаментінің музейіне экскурсияға барды.

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері «Жас сақшы» жобасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты Отанға, Заң мен Тәртіпке құрмет рухында тәрбиелеу және жоғары сынып оқушыларын ҚР ІІМ оқу орындарына түсуге ынталандыру.