
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде тағы бір ержүрек қызметкер пайда болды. Мамлют ауданының учаскелік инспекторы, полиция майоры Қадырбек Исин Астана қаласында өткен салтанатты шараға қатысып, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды.
Биыл ғана Қадырбек Исин екі мәрте адам өмірін құтқарды. Көктем басында ол тұтанған үйден ұйықтап жатқан 43 жастағы ер адамды шығарып үлгерсе, қыркүйек айының басында төңкерілген қайықтан мұздай суда әлсіреп қалған 13 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды.
Бес баланың әкесі Қадырбек Исин – Солтүстік Қазақстан өңірінде «Ерлігі үшін» жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталған он сегізінші полицей. Ол өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің өмірін сақтап қалды.