
Петропавлда 1–8-сынып оқушыларының басым бөлігі киімдеріне жарық шағылыстырғыш фликерлер тағып жүретін мектеп пайда болды. «Қауіпсіздікке жарқын қадам» жобасы полицейлердің бастамасымен жүзеге асырылды. Олардың ұсынысы бойынша мектептің белсенді оқушылары ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, күзгі демалыстан кейінгі алғашқы оқу күнінде балалар сырт киімдеріне фликер таспаларын жапсырып шықты.
Мектеп ауласында ұйымдастырылған үлгілік дефиле жарық шамдарының астында оқушылардың көзге бірден түсетінін көрсетті — енді оларды жүргізушілер таңертең де, екінші ауысымнан кейін де оңай байқайды. Ата-аналар тәртіп сақшыларының бастамасын қуана қолдады.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларынан 100-ден астам бала зардап шекті, олардың шамамен әр төртіншісі – жаяу жүргінші. Жарық шағылыстырғыш элементтер – жаяу жүргіншіні жолда қосымша қорғаудың қарапайым әрі тиімді тәсілі.
Полицейлердің айтуынша, бұл – пилоттық жоба. С.Садуақасұлы атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің тәжірибесін «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қаланың және облыстың өзге де оқу орындарында кеңінен енгізу жоспарлануда.