
Петропавл қаласында зейнеткер әйел полицияның қалалық басқармасына көмек сұрап жүгінді. Ол жуырда немересінің үйіне, Уәлиханов көшесіне көшіп келгенін және жаңа ауданда адасып қалғанын түсіндірді. Қасында телефоны болмаған. Оперативтік кезекші әжейге көмектесуді полицияның қатардағы қызметкерлері Батыр Әскеров пен Рахат Далабайға тапсырды.
Көлік жүргізушісі болып жақында қызметке тұрған жас полицейлерге шағын «тергеу» жүргізуге тура келді. Белгілі болғандай, зейнеткер үй нөмірін шатастырып алған. Батыр оның суретін телефонына түсіріп, маңайдағы тұрғындарға көрсеткен. Бір көрші әжейді танып, қай үйде тұратынын айтып берді. Домофонның электронды кілтінің көмегімен подъезд анықталды, ал көршілер пәтер нөмірін көрсетті. Полицейлер әжейдің үйіне аман-есен кіргеніне көз жеткізіп, қызметтік міндеттеріне қайта оралды.
Полицейлер қарт туыстары бар азаматтарға ескерту жасайды: жасы үлкен адамдардың ұмытшақ болуы — қалыпты жағдай, сондықтан олардың қауіпсіздігін алдын ала ойлау қажет. Ең қарапайым тәсіл — киім қалтасына үй мекенжайы мен туыстарының телефон нөмірі жазылған қағаз салып қою.