
Қаңғыбас иттер шабуыл жасаса не істеу керек? Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті полицейлер қалай бақылайды? Құқық қорғау органдарының техникалық жабдықталуы қалай дамып келеді? Осы және басқа да сұрақтарға Петропавл қаласындағы №4 мектептің 9-сынып оқушылары Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде өткен Ашық есік күні барысында жауап алды.
Оқушылар СҚО полиция департаментінің музейінде болып, өңірдегі құқық қорғау органдарының тарихымен, бандитизмге қарсы күрестің күрделі кезеңдерімен, сондай-ақ солтүстікқазақстандық милиционерлердің Ұлы Отан және Ауған соғыстарындағы ерліктерімен танысты.
Экспозициялардың арасында қызметтік нарядтардың іс-қимылдарын үйлестіруге арналған алғашқы байланыс құралдары да бар. Бүгінде олардың орнын бейнебақылаудың ауқымды жүйесі мен көпарналы байланыс алмастырды. Азаматтар полицияға телефон, мобильді қосымша немесе «SOS» батырмасы арқылы хабарласа алады. Музейден кейін оқушылар жедел басқару орталығына барып, облыс орталығы мен аудандардың мыңдаған бейнекамераның бақылауында екенін өз көздерімен көрді.
Жоғары сынып оқушыларына ерекше әсер қалдырған бөлім – СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығы болды. Мұнда мамандар қызметтік иттерді іріктеу және дайындау барысы туралы айтып, қауіпсіздік жөнінде пайдалы кеңестер берді. Егер қаңғыбас иттер жолығса, олардың өз «аумағын» айналып өтуді ұсынды. Ал ит шабуыл жасаса, өзіңізді жарақаттан сақтап қалу үшін итке тістей алатын кез келген затты ұсынуға болады.
Полицейлер оқушыларға төрт аяқты көмекшілерінің есірткі мен жарылғыш заттарды, тыйым салынған бұйымдарды іздеуге, із кесуге және шабуылдық дайындыққа қалай үйретілетінін көрсетті. Балалар иттерді үйрету тәсілдері мен кинологиялық қызметке қабылдау шарттары жөнінде сұрақтар қойды. Бұл қызметке ветеринарлық білімі бар үміткерлерге артықшылық беріледі.
Осындай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Заң мен тәртіпті қорғау қызметімен таныстыру – жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қазақстандық полицияның ашық әрі сенімді бейнесін көрсетуге бағытталған.