Фотокөрмеде СҚО полицейлерінің жанкешті қызметі көрсетілді

Фотокөрмеде СҚО полицейлерінің жанкешті қызметі көрсетілді

Республика күні қарсаңында петропавлдықтар үшін полицейлер ерекше сый әзірледі. «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығының фойесінде олар «Заң мен тәртіп» атты фотовыставка ашты.

Экспозицияда соңғы жылдардағы полиция қызметінің нақты тарихын бейнелейтін 25 сурет қойылған. Интернет-алаяқтарды ұстау, саптық байқау, пандемия кезіндегі блок-бекеттердегі ұйқысыз түндер, балаларды құтқару операциялары – бәрі осы фотокадрларда көрініс тапқан. Ерекше назар 2024 жылғы рекордтық су тасқыны кезінде полицейлердің қажырлы еңбегіне аударылған: адамдар мен үй жануарларын эвакуациялау, тәулік бойы қайықтармен және аттармен патрульдеу, төтенше жағдай орнында полиция басшылығының тікелей басшылығы.

Ең әсерлі кадр 2021 жылдың ақпанында түсірілген. Сол кезде Есіл ауданында боранда екі ағайынды бала – 17 және 7 жастағы – адасып кеткен болатын. Бірнеше сағат бойы олардың өмірі қауіпте тұрды. Үлкені інісін киіміне орап, қолына алып жүрген. Оларды 70-тен астам адам – полицейлер, құтқарушылар және ауыл тұрғындары – іздеді. Бірінші болып балаларды полиция қызметкері мен жергілікті тұрғын тапқан. Фотода – баласын құшақтаған ананың қуанышы және құтқарушылардың шаршаған, бірақ бақытты жүздері бейнеленген.

Фотовыставканы тамашалауға келгендердің бірі – Петропавл қалалық патрульдік полиция қызметкері Бекжан Сәрсенбеков. Ол екі фотосуретте бейнеленген. Полицей балаларға жол қауіпсіздігі сабақтарын жиі өткізеді. Көрмеге ол кезекті шақырудан кейін бірден келді. Балалар қатысқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу – тәртіп сақшыларының басты бағыттарының бірі.

Полиция – бұл тек форма мен техника емес. Бұл – азаматтарды қылмыстық әрекеттерден қорғауды, қиын сәтте көмекке келуді өз мойнына алған қарапайым адамдар. Соңғы жылдардағы фотохроника көрме қонақтарына полицей қызметінің адамдық қырын көруге мүмкіндік берді.