Патриот тәрбиесі: СҚО әкімі мен ПД бастығы Сергеевкада «Жас сақшы» сыныбын ашты

Патриот тәрбиесі: СҚО әкімі мен ПД бастығы Сергеевкада «Жас сақшы» сыныбын ашты

Республика күні қарсаңында тағы 20 солтүстікқазақстандық жасөспірім «Жас сақшы» қатарына қосылды. СҚО-да полиция бағытына бейімделген сынып алғаш рет аудан деңгейінде ашылды. Ашылу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов қатысты.

Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласындағы академик Е. Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның жетінші сынып оқушылары енді әр жұма күні форма киіп, тек педагогтармен ғана емес, полиция қызметкерлерімен де бірге білім алатын болады. Олар заңнама негіздерін меңгеріп, дене дайындығынан өтеді. Мұндай тәжірибе ІІМ оқу орындарына түсуге жақсы мүмкіндік болмақ.

Сонымен қатар, «полиция бағыты» сыныбының оқушылары аудандық полиция бөлімінің іс-шараларына қатысып, құқықтық түсіндіру жұмыстарына атсалысады, құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.

Сыныптың таныстырылымы барысында мектеп оқушылары мен СҚО ПД мәдениет орталығының вокалдық тобы орындаған патриоттық әндер ауыл тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов мамандандырылған сыныптың оқу бөлмесін аралап көрді. Онда жол қиылысының макеті, жаяу жүргінші жолақтары, негізгі жол белгілері, сондай-ақ ІІМ ұраны мен патриоттық құндылықтарды бейнелейтін символика қойылған.

Балалар үшін алғашқы сабақты дәл полицейлердің өздері өткізді. СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин полиция қызметінің ерекшелігі, тәртіптің маңызы және спорттың жастар өміріндегі рөлі туралы айтып берді. Болашақта «Жас сақшы» қозғалысының құрамында футбол және басқа да спорттық командалар құру жоспарлануда.

ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов атап өткендей, «Жас сақшы» — бұл тек білім беру жобасы емес, сонымен қатар елге адал, тәртіпті және қоғам игілігі үшін қызмет етуге дайын азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған бастама. Баланың бойында заң мен тәртіпке жауапкершілік сезімін ерте қалыптастыру — патриотизмді тәрбиелеудің маңызды құрамдас бөлігі. Бүгінгі күні СҚО-да бұл — үшінші «Жас сақшы» сыныбы. Алдағы уақытта мұндай сыныптарды өңірдің өзге мектептерінде де ашу көзделуде.