Полиция Петропавл қаласының кәмелетке толмаған тұрғынына қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
20 қазанда полицияға қаладағы мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу барлық жедел қызметтер – полиция қызметкерлері, қызметтік иттері бар кинологтар және жарылғыш заттарды залалсыздандыру жөніндегі мамандар жіберілді. Мұқият тексеру барысында күдікті заттар анықталған жоқ.
Тергеу барысында жалған хабарлама таратқан тұлға анықталып, полицияға жеткізілді. Ол — осы мектептің 14 жастағы оқушысы. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімнің әрекеті әдепсіз әзілі салдарынан болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір ювеналды полиция инспекторлары мен педагогтар жасөспіріммен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Болған оқиғаның мән-жайын анықтау және мұндай құқықбұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бағытында барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Полиция мұндай әрекеттердің ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін заң бойынша 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру түріндегі жаза көзделген.