
Ұлттық мереке қарсаңында спорттық шаралар өткізу – полицейлердің игі дәстүрі. Солтүстік Қазақстан облысында Республика күні мен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығына орай полиция басшылығы арасында мини-футболдан турнир ұйымдастырылды. Жарыс облыстық «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының спорт залында өтті.
Турнирдің жеңімпазы болып басқарма бастықтарынан құралған құрама команда танылды. Екінші орынды полиция департаменті бастығының орынбасарлары иеленсе, құрметті үшінші орынды аудандық полиция бөлімдерінің бастықтары құрамасы алды.
Турнирдің үздік қақпашысы – Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы Тоқтар Таев, үздік қорғаушы – Шал ақын аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Мейрам Сәрсекееев, ал үздік шабуылшы аталымын СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиев жеңіп алды.
СҚО ПД арнайы және кәсіби даярлық басқармасы ұйымдастырған турнир полицейлердің төзімділігі мен бірлігін сынап қана қоймай, дене даярлығының қызметтік міндеттерді сапалы атқарудағы маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.