
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер тоғыз айдың қорытындысы бойынша жедел кеңес өткізді. Жалпы өңірде қылмыстық ахуалдың тұрақты оң динамикасы сақталып отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыстар саны 14,4 пайызға азайды. Әсіресе ұрлық деректері 31,4 пайызға, яғни шамамен үштен бірге қысқарған. Аса ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 100 пайыз деңгейінде сақталуда.
Сонымен қатар, полиция қызметінің бірқатар бағыттары ерекше назарды қажет етеді. Соның ішінде ең өзекті мәселе – интернет-алаяқтық. Бұл – соңғы уақытта ең кең тараған қылмыс түрі болып отыр. Полицейлердің жұмысы тек қылмысты ашуға емес, оның алдын алуға, яғни киберқылмыстың инфрақұрылымына соққы беретін профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған. Мәселен, биыл облыста «дроповод» деп аталатын екі ұйымдасқан топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, жалған нөмірлерден қоңырау шалуға арналған арнайы техникалық жабдықтары бар торап жойылды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов негізгі бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, ол Ішкі істер министрлігі алқасының шешімдерін жеке құрамға жеткізіп, тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, қоғам сенімін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздік саласында «Заң және Тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыруға ерекше назар аударды.