Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының 12 офицері алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.
Олар әр кезеңде облыс орталығындағы ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында қызмет атқара жүріп, банкоматтар маңында абыржыған күйде телефон арқылы біреудің нұсқауымен ірі сомада ақша аудармақ болған азаматтарды байқап, олардың алаяқтардың құрбаны болуына жол бермеген. Осындай қырағылық пен жедел әрекет нәтижесінде бірнеше қылмыс дер кезінде алдын алынды.
Бүгін СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмагұлов офицерлерге грамоталар мен алғыс хаттар табыстады. Оның ішінде жеті қызметкер 1 миллион теңгеден астам залалды болдырмауға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Марапаттау рәсімі қысқы киім үлгісіне көшуге арналған саптық қарау барысында өтті. Полиция полковнигі Құрманғали Ысмагұлов жеке құрамның қысқы кезеңде қызмет атқаруға дайындығын, жарақтануы мен құжаттарының толықтығын, сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді білу деңгейін тексерді. Қарау салтанатты саптық шеруімен аяқталып, кейін қызметкерлер өз учаскелеріне тарады.