СҚО полициясы Республика күні қарсаңында ардагерлермен кездесу өткізді

СҚО полициясы Республика күні қарсаңында ардагерлермен кездесу өткізді

Міндет пен офицерлік ар-намысқа адалдық, өмірлік қиын сындар мен сабақтар туралы Солтүстік Қазақстан облысының полиция ардагерлері жас әріптестерімен кездесу барысында әңгімелесті. «Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбындағы шара Республика күні және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығы қарсаңында облыстық полиция департаментінің мұражайында өтті.

Ардагерлер туған ведомствосының өміріне белсене қатысып, өз тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретіп келеді. Көпшілігі тәлімгерлер кеңесіне мүше, жеке құрам арасында отансүйгіш рухты нығайтуға және полицияға азаматтардың сенімін арттыруға үлес қосуда.

Тәжірибелі тергеушілер Атымтай Аманжолов пен Күлбарам Бәкенова, жедел уәкіл Фарит Бегишев жас полицейлерге заманауи техника мен байланыс құралдары болмаған кезеңдерде де табандылық пен заңға адалдықтың арқасында ауыр және күрделі қылмыстарды ашқан сәттерін еске алды.

– Полиция қызметі ауыр, бірақ бірегей қызықты жұмыс! – деп түйіндеді СҚО ПД тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі (зейнеттегі) Кәпез Даулетбаев.

«Ардагерлердің өмір жолы – жас буынға үлгі» — осы кездесудің басты ұраны болды. Құрметті қонақтар жас әріптестеріне Заң мен Тәртіп сақшысы ретінде таңдаған жолынан таймай, үнемі кәсіби шеберлігін арттырып, қоғам игілігіне қызмет етуге шақырды.