Солтүстік Қазақстан облысында «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бар болғаны үш күн ішінде тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзудың 200-ге жуық дерегін анықтады. Оның ішінде 120 шетелдік Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 9 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған.
Полицейлер базарларды, құрылыс нысандарын, қосалқы шаруашылықтарды және шетел азаматтары болуы мүмкін басқа да орындарды тексеріп жатыр. Сондай-ақ халықпен кері байланыс орнату үлкен маңызға ие. Мысалы, қазан айының басында Солтүстік Қазақстан облысының шекара маңындағы Уәлиханов ауданының тұрғыны далада кездестірген күдікті шетелдіктер туралы полицияға хабарлаған.
Араб тілінде сөйлескен екі жас жігіт ұялы телефондағы аудармашы арқылы бірнеше күн бойы жаяу жүріп, жұмыс іздеп Ресейге жетпек болғандарын және шекараны қай жерден кесіп өткен ыңғайлы екенін сұраған. Ауыл тұрғыны дереу көші-қон қызметіне хабарлаған.
Полицейлер ҰҚК шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, шетелдіктерді ұстап, мән-жайды анықтады. Тексеру барысында олардың Марокко Корольдігінің азаматтары екені белгілі болды. Бұған дейін, қыркүйек айының ортасында, олар Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха аудандық сотының шешімімен мемлекеттік шекараны бұзғаны үшін елден шығарылған. Оларға елден өз еркімен кету міндеттелген, алайда бұл талап орындалмаған. Полицейлер құқық бұзушыларды облыс орталығына жеткізіп, оларды күштеп шығарып жіберу шарасын қамтамасыз етті.