Қыс таяп келеді: СҚО полицейлері жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақтылы ауысуды ұсынады

Қыс таяп келеді: СҚО полицейлері жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақтылы ауысуды ұсынады

Солтүстік Қазақстанда қыс маусымы жақындап келеді. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер жүргізушілерге көліктерін қысқы дөңгелекке дер кезінде ауыстыру қажеттігін еске салады. Бұл — алдағы күндері күтілетін жауын-шашын мен көктайғақтың алдын алу тұрғысынан өзекті шара.

Тәжірибелі жүргізушілер шиномонтаж бекеттерінде кезек пайда болғанын күтпейді. Олар ауа райы құбылмалы өңірде жолмен жақсы ілінісудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары автокөліктің техникалық жағдайын қадағалауды, жол қозғалысы ережелерін, оның ішінде жылдамдық режимін, маневр жасау және көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтық сақтау талаптарын бұлжытпай орындауды сұрайды.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай қызметтерінен келетін SMS-хабарламаларды елемей қалдырмау, ауа райының қолайсыздығына байланысты сапар жоспарларын уақтылы түзету ұсынылады.

Полицейлердің ақпараттық жұмысы «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жол-көлік оқиғаларын азайту мен жүргізушілер тәртібін нығайтуға бағытталған.