Жыл басынан бері СҚО полицейлері 13 діни заңбұзушылықты анықтады

Жыл басынан бері СҚО полицейлері 13 діни заңбұзушылықты анықтады

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы әлеуметтік желіде діни уағыз жүргізген Петропавл тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полицейлер азаматтарды рухани сұхбат пен діни білімді тек ресми тіркелген діни ұйымдардан алуға шақырады. Бұрын сотталған бұл азаматқа ескерту берілді.

Тағы бір петропавлдыққа айыппұл салынды — ол интернет кеңістігінде діни мазмұндағы фото және бейнематериалдар таратқан. Айта кетейік, ол өткен жылы да осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын.

Полиция өкілдері атап өтеді: заң бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесудегі мақсат — жазалау емес, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды тарату тек діни ғимараттарда, рухани білім беру ұйымдарында және арнайы белгіленген стационарлық орындарда ғана рұқсат етіледі.