Жыл басынан бері СҚО полицейлері 770 келіден астам есірткіні тәркіледі

Жыл басынан бері СҚО полицейлері 770 келіден астам есірткіні тәркіледі

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, жұмыс екі негізгі бағытқа шоғырланған: есірткі қылмыстарын анықтау және олардың алдын алу.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда есірткіге қатысты құқықбұзушылықтардың саны айтарлықтай өскен — 9 айда 214 дерек тіркелген (өткен жылы – 187). Оның ішінде 100-ден астамы — сату фактілері, 8 — аса ірі көлемде сақтау, 7 — контрабанда, 4 — есірткі насихаты бойынша анықталған.

Полиция қызметкерлері сондай-ақ 10 фитонарколабораторияның қызметін тоқтатып, шамамен 800 келі есірткі құралдарын тәркілеген. Оның ішінде 5 келіге жуық синтетикалық есірткі және 700 келіден астам марихуана бар.

Маңыздысы — құқық қорғаушылар облысқа есірткі жеткізудің 7 арнасын анықтап, жолын кесті. Мәселен, 7 сәуірде қалаға кіреберісте «Daewoo Nexia» автокөлігі тоқтатылып, оны басқарған 26 жастағы астаналық тұрғыннан жарты келіге жуық синтетикалық есірткі табылды. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Жастарды есірткіге тәуелділік пен есірткі қылмыстарына тартудың алдын алу жұмыстары мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерімен бірлесе жүргізілуде. 40 мыңнан астам жасөспірім мен студент 700-ден астам ақпараттық, спорттық және креативті іс-шараларға қатысты.

Асқар Мұхаметқалиев «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекеттік құрылымдар, белсенділер мен еріктілердің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Тек ортақ күшпен ғана есірткі таралуының жолын тоқтатып, елдің болашағын қорғауға болады.