Солтүстік Қазақстанда полицейлер интернеттегі «оңай ақша» уәделерінен миллиондаған шығынға ұшырау қаупі туралы ескертеді

Солтүстік Қазақстанда полицейлер интернеттегі «оңай ақша» уәделерінен миллиондаған шығынға ұшырау қаупі туралы ескертеді

Полицейлер «ақша айналымы» деп аталатын интернет-алаяқтықтың қауіптілігіне назар аудартады. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген әрбір жиырмасыншы кибералаяқтық осы схема бойынша жасалады. Дегенмен, дәл осындай қылмыстар көбіне ең ірі қаржылық шығындарға алып келеді.

Әдетте, алаяқтар қолданатын тәсіл бірдей: азамат интернеттен «инвестиция арқылы қосымша табыс табуға» шақырған жарнаманы көреді. Жылдам байығысы келген адам біртіндеп көбірек қаржы салады, кей жағдайда қарызға батады немесе тіпті тұрғын үйін сатып, қаражат құяды.

WhatsApp мессенджері арқылы байланысқан қылмыскерлер «кіріс өсімі туралы» жалған графиктер мен есептер жібереді. Алайда олардың барлығы – шынайылықпен еш байланысы жоқ жалған ақпарат. Нәтижесінде, жәбірленушінің «инвестициясы» алаяқтардың қалтасына түседі. Ал адам өз «табысын» шешіп алмақ болғанда, одан «сақтандыру жарнасы» ретінде кірістің 1 пайызын төлеуді талап етіп, кейін байланысын үзеді.

Көп жағдайда қылмыскерлер белгілі компаниялардың сайттарының көшірмесін жасап, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізеді. Онда қысқа мерзімде жоғары табысқа уәде береді. Мұндай жарнамалардағы сілтемелер ресми емес, жалған сайттарға апарады. Посттардың астында қанағаттанған «инвесторлардың» пікірлері мен танымал тұлғалардың бейнелері жарияланады – мұның бәрі нейрожелілердің көмегімен жасалады.

Полицейлер азаматтарды «оңай табыс» туралы уәделерге сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және баратын интернет-ресурстар туралы пікірлерді мұқият тексеруге шақырады.