Интернет, жол, қауіпсіздік: СҚО полицейлері балаларға маңызды ережелерді үйретті

Интернет, жол, қауіпсіздік: СҚО полицейлері балаларға маңызды ережелерді үйретті

Әр ата-ана баласына көшеден дұрыс өту және бейтаныс адамдармен сөйлеспеу керектігін үйретеді. Дегенмен қауіпсіз мінез-құлықтың кейбір қағидалары кейде ересектердің өз назарынан да тыс қалып жатады. Солтүстік Қазақстан полицейлері бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, оқушылармен тұрақты түрде кездесулер өткізеді.

Петропавл қаласындағы Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектепте өткен қауіпсіздік сабағында бірінші сынып оқушылары интернетте немен айналысса да, оны міндетті түрде ата-аналарына айту керектігін білді. Зиян ниетті ересек адамдар балалармен онлайн-ойындар арқылы байланыс орнатуға тырысуы мүмкін. Ал кейбір алаяқтар баланы келесі деңгейге өткіземін деп алдап, ата-анасының банк картасы туралы деректерін енгізуге итермелейді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жолдағы қауіпсіздікке ерекше назар аударды. Капюшон баланың көру аймағын шектейді, ал құлаққап пен телефон назарды жолдағы жағдайдан бөледі. Биыл тоғыз айда облыс аумағында балалардың қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркелді, олардың тоғызы жолаушылар ретінде болған, екі бала қаза тапты. Полицейлер атап өткендей, балалардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен жүргізушілердің жауапкершілігіне байланысты.

Сабақтың есте сақталуы үшін полицейлер оқушыларға жол қозғалысы ережелеріне арналған бояу кітапшалары мен қазақстандық полицияның қызметтік көліктерінің үлгісіндегі ойыншық патрульдік машиналар тарту етті.

Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, СҚО-да кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны азайды: өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 34 фактіге қарағанда, биыл 20 дерек тіркелген. Заң мен Тәртіп қағидаттарына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бұл жұмыс көрсеткішті одан әрі төмендетуге бағытталған.