Қаңтар айында интернет арқылы «жеңіл табыс» табуға қызығып, синтетикалық есірткі сатумен айналысатын онлайн-дүкендердің бірінде «ораушы» болып жұмыс істей бастаған Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғынының қылмыстық әрекеті бір айға жетпеді.
«Наркошоп» кураторының тапсырмасымен ол ірі көлемдегі есірткі жасырылған орындарды тауып, оларды нашақорларға сату үшін зип-пакеттерге бөліп отырған. Алайда куратордың мұндай істің «қауіпсіз» екендігі жөніндегі уәдесіне қарамастан, ер адам көп ұзамай полицейлердің назарына ілікті. Ақпан айында ол Петропавл қаласының шетінде ұсталды.
Оның жалдамалы пәтерінен жедел уәкілдер 200 грамнан астам мефедрон және α-PvP заты бар пакеттерді тәркіледі. Сонымен қатар, күдіктіге арналған жасырын қоймадан жарты келіден астам синтетикалық есірткі табылды. Бұл – жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәркіленген синтетикалық есірткінің ең ірі партияларының бірі болды.
Тергеу амалдарының нәтижесінде сот айыпталушыны аса ірі көлемде есірткі сатқандығы үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жалпы, биылғы 9 айда СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 771 келі түрлі есірткі затын, соның ішінде 4 келі 574 грамм синтетикалық есірткіні тәркіледі.