Полиция мен халық арасындағы байланыс алаңын кеңейту – дәстүрлі «Жолдағы қабылдау» акциясының басты мақсаты. Атауына сай шара Солтүстік Қазақстан облысында «Жезқазған – Петропавл» автожолының 954-шақырымында орналасқан «Оңтүстік» бақылау-өткізу пунктінде басталды.
Акция аясында жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция және халықпен жиі байланыста болатын өзге де бөлімшелердің басшылығы мен тәжірибелі қызметкерлері заңнамадағы өзгерістер, рәсімдік мәселелер, әкімшілік айыппұлдар бойынша тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруде.
Шараның өту барысы Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілуде. Қолданушылардың бірі Петропавлдағы жаңа айналма жол қиылысындағы қозғалыс тәртібіне қатысты сауал жолдады. Онда құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмаған және барлық жол белгілері орнатылмаған. Полицейлер түсіндіргендей, қала орталығынан келе жатқан жүргізушілер басты жолда қозғалады, ал қарсы бағытта тиісті басымдық белгілері қойылған.
Акция 3-4 қазан күндері халық көп жиналатын орындарда өткізіледі. Осы кезеңде СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасында акцияның call-орталығы жұмыс істейді: 8 (7152) 61-25-22. Сонымен қатар шараға аудандық полиция бөлімдері де қатысуда.
Полицейлер мен тұрғындардың тікелей байланысы «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.