Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Ұстаздар күніне орай ерекше іс-шара өткізді. Құқық қорғаушылар өз қызметкерлерін тәрбиелеген ұстаздарды құрметтеп, салтанатты жиын ұйымдастырды. Жүрек жылытқан кездесу облыстық полиция департаментінде өтті.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин қонақтарды мерекемен құттықтап: «Сіздер сіңірген білім мен тәртіп біздің қызметкерлердің кәсіби маман болып қалыптасуына зор үлес қосты», — деп атап өтті. Мереке қарсаңында педагогтарға Алғыс хаттар табыс етілді.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіндегі санаулы қыз-кинологтардың бірі, полицияның аға сержанты Татьяна Васичкина өзінің сынып жетекшісі Елена Машинецті арнайы құттықтады. Татьяна үшін әдебиет сабақтары қызықты әрі әсерлі болған. Ол сабақтардан Булгаков шығармашылығына деген сүйіспеншілігін алып шыққанын айтады. «Ең бастысы, — дейді ол, — Елена Николаевна бізді біртұтас команда болуға үйретті».
Елена Машинец Татьянаны сабырлы, қиындыққа төзе білетін қыз ретінде еске алады. «Менің ойымша, бұл мінез жануарлармен жұмыс істеуді талап ететін күрделі әрі шыдамдылық қажет ететін мамандыққа өте сай», — дейді ұстазы.
Светлана Швабская болса, әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерлан Мәдіевтің алғашқы мұғалімі болған. «Бірде үй тапсырмасын орындамай келіп, екілік ала жаздадым. Бірақ Светлана Семёновна қайта жауап беруге мүмкіндік берді. Оның: «Әр адам қателеседі, ең бастысы – сол қателікті өзі түзеуі керек», деген сөзін ешқашан ұмытпаймын, — дейді полковник. — Бұл мен үшін үлкен өмірлік сабақ болды».
Светлана Швабская шәкіртін мақтан тұтады. «Ерлан әрдайым зерек, сыпайы, ойлы бала болды. Тентек балалардың арандатуына ермей, өзін ұстай білетін. Ол қазір де сондай, ақылдылығы мен еңбекқорлығы оны жауапты қызметке жеткізді», — дейді ол.
Іс-шара соңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің Мәдениет орталығының вокал тобы домбыра мен гитараның сүйемелдеуімен әсем әндер шырқап, қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұстаз еңбегі неғұрлым жемісті болса, полицейдің де уайымы соғұрлым азаяды. Бұл екі мамандықты «Заң мен Тәртіп» қағидаттарына негізделген ізгілікті қоғам құруға деген ортақ мақсат біріктіреді.