Халықаралық қарттар күніне орай Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов ішкі істер органдарының ардагері Ерболат Абдықасымовқа арнайы барып, құрмет көрсетті.
Құрметті қарияға жасалған бұл тағзым – көп жылғы адал еңбегі үшін білдірілген ризашылықтың белгісі. 1949 жылы СҚО Бексиет ауылында дүниеге келген Ерболат Шамғанұлы Абдықасымов 1971 жылдың сәуірінде милиция қатарында қызметін бастап, шамамен 25 жыл ғұмырын осы салаға арнады. Ол полицияның бірінші бөлімінің кезекші бөлімшесінде кезекші көмекшісі қызметінен зейнетке шықты.
Ардагер еңбек жолында милиционерден бастап патрульдік-пост қызметі бөлімшесінің командиріне дейінгі түрлі жауапты лауазымдарды атқарды. Жоғары кәсібилігі мен біліктілігінің арқасында ол 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тартылған тәжірибелі қызметкерлердің қатарында болды.
Генерал-майор Айдын Қабдұлдинов ардагерді мейраммен құттықтап, оның жас буынға тәлім-тәрбие беру ісіндегі белсенділігін атап өтті: «Ерболат Шамғанұлы сияқты азаматтар – оптимизмнің, еңбексүйгіштіктің және антына адалдықтың айқын үлгісі. Сіздің өмірлік және қызметтік жолыңыз – «Заң және Тәртіп» қағидатының жарқын көрінісі әрі жас буынға өнеге. Кадрларды тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамыз», – деді СҚО ПД бастығы.
Полицейлер ардагерлерін ерекше құрметтейді. Ведомство ардагерлер кеңесінде бүгінде 1600-ден астам ішкі істер органдарының зейнеткері есепте тұр. Қызметтегі полиция қызметкерлері оларды мереке сайын ғана емес, мүмкіндігінше үнемі құттықтап, арнайы барып ықылас білдіруге тырысады.