Петропавл көшелерінен жол-көлік оқиғаларына ұшыраған автокөліктердің керуені өтті. Іс-шараны полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұйымдастырды. Сондай-ақ, оған құтқарушылар, дәрігерлер және «Қазавтожол» ЖШС өкілдері - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қызметтер қатысты.
8 ай ішінде Солтүстік Қазақстан облысында зардап шеккендермен 362 ЖКО тіркелді. Оның 324-і жүргізушілердің кінәсінен болды. Негізгі себептер – қиылыстардан өту қағидаларын бұзу, маневр жасау қағидаларын бұзу, жылдамдықты арттыру. Ең қауіптісі кешкі «қарбалас сағат» - 52 ЖКО сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін жасалды.
Полицейлердің мақсаты - жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдың қателікті кешірмейтінін еске салу. Әр жол қозғалысы ережелерін бұзушылық адам өлімі мен ауыр жарақаттарға әкеліп соғады. Жол қозғалысы ережелерінің талаптарына жауапкершілікпен қарау, заң мен тәртіпті құрметтеу ғана жолдағы адамдардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алады.