Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске қылмыстық жолмен алынған қаражатты шығаруға көмектескені үшін жауапкершілік көзделетін «дропперлік» бабы енгізілді. Енді мұндай заңбұзушылық үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осыған байланысты Петропавл қаласының полициясы прокуратура және қоғам өкілдерімен бірлесіп, тұрғындар арасында киберқылмыстың алдын алу және цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды акция өткізді.
Қалалық полиция алаңынан 120-дан астам адамнан құралған 15 мобильді топ қала көшелеріне, базарлар мен сауда орталықтарына аттанды. Олар азаматтарға цифрлық әлемде қауіпсіз жүрудің қарапайым әрі тиімді «нұсқаулықтарын» таратты. Екі тілде дайындалған парақшаларда алаяқтықты танудың негізгі тәсілдері көрсетілген. Ерекше назар зейнеткерлерге аударылды, себебі дәл осы санаттағы азаматтар көбінесе қылмыскерлердің құрбанына айналады.
Басты кеңес өзгеріссіз қалады: ешқашан қаржылық операцияларды асығыс жасамаңыз. Бейтаныс адамдардан қоңырау түскен жағдайда, олар өзін кім деп таныстырса да, міндетті түрде қайта тексеріңіз. Ал күмәнді жағдай туындаса, дереу банкіңіздің call-орталығына немесе 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.
Бұл іс-шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасының нақты жүзеге асқан үлгісі болды. Мұнда құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері ортақ қауіпке бірге қарсы тұрды. Әрбір қатысушыға өз туыстарымен түсіндіру әңгімесін өткізу тапсырылды. Осылайша цифрлық сауаттылықты арттырудың «тізбекті реакциясы» басталды. Нағыз Құқықтық тәртіп дегеніміз – әрбір азаматтың қауіпсіздік ісіне үлес қосуы.