Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полицияға денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері бойынша шамамен 250 өтініш түсті. Оның 91-і, яғни әр үшіншісінен астамы, отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында орын алған.
Мәселен, Петропавлда 41 жастағы ер адам азаматтық некедегі әйелін ұрғаны үшін сот алдында жауап берді. Оның сөзінше, ол мас күйінде болған әрі мұрнын жарақаттап, аяғымен тепкенін есіне түсірмейді. Алайда сот материалдарында ер адамның жеңіл дәрежеде мас болғанын растайтын медициналық сараптама нәтижесі бар. Сот үкімі бойынша ол 25 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға бірқатар шектеулер белгіленді, соның ішінде алкогольдік ішімдікке тыйым салынды.
Полицейлер еске салады: 2024 жылдың маусымынан бастап денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әкімшілік құқықбұзушылық емес, қылмыстық теріс қылық болып саналады. Ол үшін ірі айыппұл, қоғамдық жұмыстар немесе қамау жазасы қарастырылған, ал ауырлататын жағдайларда — 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Жалпы, жыл басынан бері полиция тұрмыстық құқықбұзушылық жасаған 1756 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, 1955 қорғау нұсқамасын шығарды, соттар 738 адамға мінез-құлқына қатысты ерекше талап белгіледі.
«Заң және Тәртіп» қағидаты аясында полицейлер алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жауапкершілік жөнінде ескертіп келеді және барша тұрғындарды дауларды тек құқықтық жолмен шешуге шақырады.