Петропавлда 19 жастағы қыз көлікпен ағашқа соғылды

Петропавлда 19 жастағы қыз көлікпен ағашқа соғылды

7 қыркүйек күні сағат 22:00 шамасында Петропавл қаласының Жамбыл көшесінде BMW автокөлігін тізгіндеген 19 жастағы бойжеткен ағашқа соқтығысқан. Жүргізуші әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Басқа зардап шеккендер жоқ. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.

СҚО полиция департаментінде атап өткендей, жол қауіпсіздігі – азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін сала. Жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, жол апаттарының саны азаймай отыр. 2025 жылдың 8 айында Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тауып, 488 адам жарақат алған. Бұл қайғылы көрсеткіш – жүргізушілік мәдениеттің айқын көрінісі. Өйткені жол ережесін бұзатындар әлі де аз емес.

СҚО полицейлері жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында жүргізушілік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты шаралар қабылдауда. Рөлде отырып тәуекелге баруға да, ережені елемеуге де болмайды. Жол тіпті ұсақ қателікті де кешірмейді. Оның құны – адам өмірі мен денсаулығы.