СҚО-да полицейлер «Ұйқылы рөлде» акциясын өткізді

СҚО-да полицейлер «Ұйқылы рөлде» акциясын өткізді

Қараңғылық, күзгі ылғал мен ұйқышыл көңіл күй – түнгі мезгілде жүргізушілер үшін қауіпті факторлар. Өткен түні полицейлер медицина қызметкерлерімен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облысының автожолдарында кезекті «Ұйқылы рөлде» акциясын өткізіп, көлік жүргізушілеріне шаршаңқы күйде рөлге отырудың қатерін ескертті.

Көбіне шаршау мен зейіннің бөліну қаупі жүк көлігін жүргізушілерге тән. Құқық қорғаушылар еңбек пен демалыс режимін сақтау қажеттігін түсіндіріп, профилактикалық жадынамалар таратты. Қалаған жүргізушілерге «жедел жәрдем» көлігінде тексерістен өту ұсынылды. Мұнда медицина қызметкерлері қан қысымын өлшеп, жалпы денсаулығын бағалады. Шаршағанын сезген жүргізушілерге тәртіп сақшылары ең жақын тұрақта демалуды қатаң түрде ұсынады.

Полицейлердің айтуынша, рөлде ұйықтап кету – ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының ең жиі себептерінің бірі. Биылғы 8 айда СҚО жолдарында 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам көз жұмды, 488 адам жарақат алды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 70 апат орын алып, 17 адам қаза тапты, тағы 117-сі жарақаттанды.

«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын басшылыққа алған полицейлер жол апаттарының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Жүргізушілерге негізгі ескерту: шаршаған күйде көлік жүргізбеу, жолда барынша мұқият болу, әсіресе түнгі уақытта және ылғалды асфальтта абай болу, сондай-ақ жылдамдықты асырмау.