Петропавлда «Жас сақшы» сыныбының оқушылары полицейстерге профилактикалық жұмыста көмектесуде

Петропавлда «Жас сақшы» сыныбының оқушылары полицейстерге профилактикалық жұмыста көмектесуде

Петропавлдағы №9 мектептің бірінші сынып оқушылары үшін «Жас сақшы» сыныбы ұйымдастырған сынып сағаты ерекше әсер қалдырды. Полиция формасын киген жоғары сынып оқушылары бүлдіршіндерге жолда жүру ережелерін түсіндіріп, көшені белгіленбеген жерден кесіп өтпеу, көпқабатты үйлердің аулаларында да жол бойында ойнамау қажеттігін еске салды.

IT-мектеп-лицейінің «Жас сақшы» сыныбында оқитындар бүлдіршіндерге шағын сыйлықтар тарту етті: қыз балаларға – жол жүру ережелеріне арналған бояу кітапшалары, ұл балаларға – ойыншық патрульдік көліктер.

«Жас сақшы» сыныбында тәлім алатын жоғары сынып оқушылары тәртіп сақшыларына «Назар аударыңыз: балалар!» акциясын өткізуге атсалысуда. Ол 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында өтіп, балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Акция аясында полицейлер Солтүстік Қазақстан облысындағы 444 мектептің әрқайсысында жолда жүру ережелерін түсіндіру сабақтарын өткізді. Сондай-ақ, ересек қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ: жүргізушілерге балаларды арнайы ұстағыш құралдармен тасымалдау, «Бала көлікте» жапсырмасын қолдану, көлік жүргізгенде қырағылық таныту қажеттігі түсіндірілді.

Биылғы 8 айда Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 92 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2 бала қаза тауып, 106 бала жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларына жасалған талдау көрсеткендей, зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушылар болған. Осыған байланысты полицейлер солтүстікқазақстандық бүлдіршіндерге жас кезден бастап жолдағы қауіпсіздік мәдениетін, Заң мен Тәртіпке құрмет сезімін дарытуды мақсат етеді.