СҚО полицейі көлде баланы құтқару сәтін баяндады

СҚО полицейі көлде баланы құтқару сәтін баяндады

Мамлют ауданының учаскелік инспекторы, полиция майоры Қадырбек Исин 13 жастағы жеткіншекті құтқару сәтінің егжей-тегжейін әңгімелеп берді.

Оқиға жексенбі күні түстен кейін болған. Сағат 16:00 шамасында майор Исин түнгі кезекшіліктен кейін үйінде демалып жатқан. Сол кезде кезекші бөлімнен қоңырау түсіп, жергілікті жұрт «Утятница» деп атайтын көлде төтенше жағдай орын алғаны хабарланды. Балық аулап жүрген балалардың қайығы аударылып, екі жасөспірімнің бірі жағаға аман шыққан, ал екіншісі суға батып бара жатып қайыққа жармасып қалған.

Қадырбек оқиға орнына жеткенде төтенше жағдай қызметінің мамандары надувной қайықты әзірлеп жатқан. Жасөспірімнің шамамен 20 минут бойы мұздай суда екенін түсінген ол дереу шешініп, суға қойып кеткен.

«Ол қатты тоңып қалған еді. Мен оған үнемі сөйлесіп, аяқтарын қимылдатуын өтіндім, — дейді майор Исин. — Баланы су ішінде алаңдатқан жалғыз нәрсе — оны айыптай ма, жоқ па деген сұрақ болды».

Полицей жеткіншекті құтқарушылар жеткенше демеп тұрған. Өзін шыныққан адамға жатқызбайтынын айтқан ол сол сәтте суықты сезінбегенін жеткізді.

«Мақсат — баланы аман алып шығу болды. Оның үстіне қозғалыста болдым, — дейді Қадырбек. — Тоңу қаупі төнген жағдайда бастысы — қимылдау. Қозғалыс пен сөйлесу қиын жағдайдан шығуға көмектеседі».

Жасөспірімге медициналық көмек қажет болып, ол ауруханаға жеткізілді.

Бес баланың әкесі Қадырбек Исин 13 жылдан бері учаскелік инспектор қызметін атқарып келеді. Ол талай рет адамдарды ажалдан арашалаған. Мәселен, биыл сәуір айында өртеніп жатқан үйден бір адамды құтқарған. Көлдегі оқиға оның қызметтік тәжірибесінде тағы бір маңызды сәт болды.

Полицейлер ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң үйретуге шақырады.