Төзімсіздік қағидаты: СҚО полициясы Президент тапсырмаларын орындауда

Төзімсіздік қағидаты: СҚО полициясы Президент тапсырмаларын орындауда

Солтүстікқазақстандық полицейлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауын ұжымдық түрде тыңдап, негізгі тезистерін талқылады. Мемлекет басшысы алдағы жылдары ел дамуына ықпал ететін бастамаларды атап өтті. Олардың көпшілігі ішкі істер органдарының қызметімен тікелей байланысты.

Президент қоғамда заңдылық, әділеттілік және тәртіп қағидаттарын бекітуге, құқықбұзушылық пен кез келген зорлық-зомбылыққа төзімсіз көзқарас қалыптастыруға ерекше назар аударды. Сондай-ақ киберқылмыс пен онлайн-алаяқтыққа қарсы интеллектуалды жүйе құрудың маңыздылығын атап өтті. Бұл қылмыстар мемлекет пен азаматтарға елеулі қауіп төндіріп отыр. Жол қауіпсіздігі мәселесі де назардан тыс қалған жоқ: қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны жоғары деңгейде қалып отыр. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде сегіз ай ішінде 362 жол апаты тіркеліп, 28 адам қаза тапқан, 488 адам жарақат алған. Президент электрсамокаттарына қатысты проблеманы да атап өтіп, олардың қолданылуын қатаң бақылау қажеттігін жеткізді. Полицияға азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа ережелердің орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Жолдауда көші-қон саясатына да айрықша мән берілді. Ірі қалалар инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуы жағдайында азаматтарды тіркеу, заңнаманың сақталуын қадағалау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде полицияның рөлі шешуші екені атап өтілді.

Кезекшілік пен патрульде болмаған қызметкерлер Жолдауды мұқият тыңдап, өздерінің қызметтік міндеттерінде қолдану үшін негізгі тезистерді белгіледі. Департаментте атап өтілгендей, полицияның басты міндеті -цифрландырудың барлық мүмкіндіктерін, жинақталған тәжірибе мен білімді пайдалана отырып, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту.